ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Үкіметке Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзге меморгандарға кіріптарлығы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенатор ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында аграрлық саланы қаржыландырудағы поблемаларды көтерді.
Оның мәліметі бойынша, өткен 4 жылда агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға 2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда іс жүзінде тек 1,6 млрд теңге ғана жұмсалған. Сенатор ауыл шаруашылығы ведомствосының өзге мемлекеттік органдарға кіріптарлығы кейбір кезде шұғыл шешім қабылдап, әрекет етуге кедергі келтіретіндігін айтты.
«Бізде ауыл шаруашылығы министрінің барлық негізгі нормативтік бұйрықтары міндетті түрде басқа мемлекеттік органдармен келісіледі. 2020-2021 жылдары субсидиялау қағидаларын, регламенттерді келісуге 20-30 күннен жеті айға дейін уақыт кетті. Бұл жерде саланы жедел басқару туралы қалай айтуға болады», - деді сенатор.
Депутат былтырғы құрғақшылық агробизнеске қатты әсер еткенін еске салды. Ал өнімдерді экспорттауға тыйым салу және квоталарды енгізу шаруалардың табысын шектеп тастаған.
«Биыл көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілері егістіктерде қар тоқтату шарасын ұйымдастыра алмады. Бұл мәселелер көктемде топырақтың ылғалдылығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан биыл қалыптасқан жағдайда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында егін егу жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін шаруашылықтарға барлық жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау өте маңызды», - деді Ақылбек Күрішбаев.