18 ақп, 2020 сағат 10:24

Ақылбек Күрішбаев: Аграрлық салада ғалымдар азайып бара жатыр

Елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев білім мен ғылымның төмен деңгейі Қазақстандағы ауыл шаруашылығын тұралатып тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл үлкен маңызды мәселе. Маман ретінде өздеріңіз жақсы білесіздер. Неге біздің ауыл шаруашылығы тиісті деңгейде дамымайды? Өйткені бізде осы саланың негізі – білім мен ғылым өте төмен деңгейде», - деп бастады сөзін Ақылбек Күрішбаев Парламент Мәжілісіндегі аграрлық мәселелер комитетінің аграрлық ғылымды, білім және өндірісті интеграциялау мәселелері бойынша отырысында.

Университет ректоры өз сөзінде Солтүстік Қазақстандағы ғылыми кадрлық әлеует туралы сөз қозғады.

«Ондағы біздің ауыл шаруашылығы саласының флагманы – астық шаруашылығында 3 селекционер қалған. Қарағанды облысындағы өсімдік шаруашылығы институтында да 1 селекционер ғана бар. Оның өзі зейнеткер - 75 жаста. Солтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибелік станцияда селекционерлер жоқ. Бәрі кетіп қалды. Біз қазір бұл тұрғыда құрдымға таяп қалдық. Бұлай кете берсек, Солтүстік Қазақстанда 10 млн гектар аумаққа сұрып дайындайтын ешкім де қалмайды», - деді ол.

Ақылбек Күрішбаев дегенмен елдің оңтүстігінде жағдай бұл ретте тәуірлеу екенін айтады. Бірақ солтүстікте аграрлық ғалымдардың тапшылығы ушығып тұр.

«Мен бұл ретте құр эмоцияға беріліп тұрғаным жоқ. Бұл тапшылықтың ауыл шаруашылығының өнімділігіне қалай әсер ететінін айтып берейін. Өздеріңіз білетіндей, егіннің түсімділігінің 40 пайызы дәнге байланысты. Канадада мәселен 15 жылдың ішінде егіннің түсімі 29 пайызға, Ресейде 31 пайызға, Аустралияда 38 пайызға артса, бізде 14 пайызға ғана өскен. Оның өзі біздің жетекші шаруа қожалықтардың арқасы. Ал фермерлік шаруашылықтардың көбі бір жерге тіреліп қалды», - дейді ол.

Ақылбек Күрішбаев аталмыш мәселе әлемде қалай шешімін тауып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ең алдымен жаңа формациядағы ғалымдарды дайындау арқылы проблема шешілуі мүмкін. Селекциялық ғалымдарды іріктеу жұмысы студенттік кезеңнен басталуы тиіс.

«Зерттеу университеттерінде аудитория мен лаборатория, егіс алаңы – бәрі бір құрылымға шоғырланған. Яғни студенттік кезеңнен бастап мамандарды ғылымға тарту керек. Ол жүйе бізде жоқ. Шетелдік әріптестер бізге «реформа көп жасайсыздар, бірақ басқару формасын өзгерте бергендіктен, жұмыстарыңыз нәтижелі болмайды» дегенді айтады. Яғни біздегі ҒЗИ мен институттар бір министрліктен екіншісіне ауыстырыла береді. Шет елдердегі ғылыми - зерттеу институттары мен ЖОО-ларында негізгі тұлға біздегідей оқытушы емес – ғалым. Олар білім тарату ісімен айналысып, өндіріс проблемаларын бес саусақтай біледі. Осыдан барып әр ғылыми жоба сәтті жүзеге асып, білім беру бағдарламаларының эволюциясы жүріп жатады», - деді ол.