30 нау, 2021 сағат 16:28

Ақтөбеде жексенбі күндері қоғамдық тамақтану және сауда орындары жұмыс істемейді

Ақтөбе облысында карантин шектеуі күшейді. Бүгін жаңа қаулы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде өткен тәулікте 73 жағдай тіркелді. Олардың 80 пайыздан астамы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Қазір Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Алға, Ойыл, Темір аудандарының тұрғындары инфекциялық ауруханаларға жатқызылып, ем алып жатыр. Ал науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар үй карантинінде. Олардың қатары бүгінде 1300-ге жуықтады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева бүгін жаңа қаулы шығарды.

«Конференция, көрме, форум, ойын-сауық, спорттық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды өткізуге болмайды. Караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулинг-орталықтары, кальян, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары және аттракциондар жұмыс істемейді. Балабақшаларда кезекші топтар ғана қызметін жалғастырады. Мектептерде асхана жабылады. Қалааралық, облысаралық және облысішілік тұрақты автобустардың, шағын автобустардың қозғалысы шектеледі. Кинотеатр, театр, мұражайлар, кітапхана да онлайн қызмет көрсетеді. Рамазан айында ауызашар жасауға болмайды», - деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, діни объектілерде ұжымдық іс-шаралар өтпейді. Қоғамдық тамақтану орындары жұмыс және сенбі күндері сағат 07.00 – 22.00 дейін жұмыс істеп, жексенбі күндері тек тапсырысты жеткізеді. Жексенбі күні сауна, моншалар, сұлулық салондары жабық болады. Сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері де жексенбі күні жабылады.