Фото: wikijp.org
Ақтөбеде қаскөйлердің қолынан аман қалған 13 жастағы қыздың жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жасөспірім әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Бет сүйегі сынған. Қыздың мойны бес жерден кесілген. Мойынның бұлшықеттері мен тамырына зақым келген", - деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапахов.
Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 29 наурызда болған. 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлының денесі сағат 5:30-да Ақтөбедегі пәтерлердің бірінен табылды. Ал 13 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді.
Полицейлердің айтуынша, марқұм анасы мен ұлының денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері бар. Тергеу жүріп жатыр.