28 қыр, 2022 сағат 08:50

Ақтөбеде 1-сынып оқушыларына мантудың орнына басқа екпе салып жіберген


Ақтөбедегі №74 орта мектептен шу шықты. Медицина қызметкерлері бірінші сынып оқушыларына мантудың орнына бцж вакцинасын еккен. Бұл қателікті ата-аналар екі апта өткен соң білген. Енді 42 баланың жақындары жауапсыз медицина қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Ата-аналардың айтуынша, балалардың көпшілігі өздерін жәйсіз сезінген. Екпе салған жер қатты ісіп, іріңдеген. Тіпті, қолдарын көтере алмай қалғандары да болыпты. Анықтай келе, балаларға мантудың орнына иыққа салатын тірі вакцина егілгені анықталды.

""Живая вакцина" енгізіліп кеткен. Ол ағзадағы барлық жасушаны оятады дейді. Енді басталып жатыр. Процесс жүріп жатыр. Міне, екі жетіден асып кетті. Бала қолын көтере алмайды. Бездері шошынған. Қолтық асты. Тамақ бездері шошынған. Өзімен өзі жата береді. Әлсіздік пайда болды", - дейді ата-ана Раушан Исаева.

Ал медицина қызметкерлері ата-аналардан алты айды күтуді сұраған. Сол кезде вакцина күші жойылатын көрінеді.

"Құтының сыртында жазылып тұрады екен бәрі. Түсі де басқа болады. Сонда қалай шатастырған? Түк түсініксіз. Білек терісі өте жұқа. Ағзаға вакцина түсіп үлгерді. Олар бізге 6 ай күтуді сұрайды. Күтіп отыратын болсаң, ешкім кепілдік бермейді. Мүгедектікке алып келуі мүмкін", - дейді тағы бір ата-ана Шынар Бекболатқызы.

Бұл вакцинаны салған медицина қызметкерлері жеке клиниканың мамандары көрінеді. Олар  мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсеткен. Осындай жағдайдан кейін дәрігер де, медбике де жұмыстан босатылған. Прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр.

"Қателікті жіберген - медицина қызметкерлері. Олар өз қателіктерін мойындап отыр. Енді 42 бала осындай жағдай болған соң, не болатынын ешкім айта алмайды. Тек қана біздің өзіміз айтатынымыз, басқа жерге салынып, техникалық ақау кеткені рас. Кешегі шешім бойынша бұл балалардың барлығы мектепте күнделікті бақылауда болады", - дейді Ақтөбе облыстық ДСБ басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.