31 там, 2022 сағат 17:55

Ақтөбе облысының жаңа әкіміне қандай міндеттер жүктелді?


Сәрсенбі, 31 тамызда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Ақтөбе қаласына келіп, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

"Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің облыс әкімі қызметіне Ералы Тоғжанов пен Асхат Шахаровтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. 

Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 160 депутаттың 104-і Тоғжановтың кандидатурасына дауыс берсе, 56-сы Шахаровты таңдады" - делінген хабарламада. 

Жиналыс аяқталғаннан кейін Үкімет басшысы өңір активіне жаңа басшыны таныстырды.

Әлихан Смайылов өз сөзінде облыс басшылығы алдында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын сапалы орындау міндеті тұрғанын атап өтті.


Премьер-Министрдің айтуынша, облыс экономикасын дамытудағы негізгі қадамдар жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу болуы тиіс, бұл тұрақты жұмыс орындарын құруға және автожолдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осыған байланысты облыс әкімдігі өңірдің дамуына серпін бере алатын ірі жобалардың іске асырылуы мен әзірленуін ерекше бақылауда ұстауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.

"Үкімет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешу, соның ішінде ауыз сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою және ТКШ саласын жақсарту да облыс басшылығының басты назарында болуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін өңір әкімі қызметін атқарған Оңдасын Оразалинге алғысын білдірді" - делінген хабарламада.