25 қыр, 2019 сағат 13:49

Ақтөбе облысында жел электр стансасы салынады

Ақтөбе облысында жел электр стансасы салынады. Бұл туралы Қазақстанның жаңартылатын энергетикасы қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада өтіп жатқан Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі ІІІ саммит аясында ол Қазақстанда күн, жел және су энергетикасынан бөлек био және геотермальды энергетиканы дамыту жоспарда бар екендігін айтты.

«Қазіргі уақытта халықаралық инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Дегенмен, оларды Қазақстанға тартып, жаңа станса салған кезде қазақстандық қамту жайын да ұмытып кетуге болмайтындығын барлық уақытта айтып отырамыз. Өткен жылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 1,3 пайызды құрады. 900 МВт-дан астам қуат көзі орнатылды. Жамбыл облысының Бурный ауылында және Алматы облысында Қапшағайда қуаты 100 МВт болатын үлкен күн стансасы жұмыс істеп тұр. Тіпті, Қарағанды облысындағы Саранда немістер күн стансасын салды. Осы орайда климаты суық аталған өңірде күн электр стансасы салынды деген сауал туындауы мүмкін. Күн панелі тетіктері автомобиль немесе басқа да аппараттармен бірдей. Суық болған жайын жабдық қыза түседі. Яғни, суық климатта да тиімді жұмыс істейді», - деді ол.

Күн стансаларын еліміздің тек қана оңтүстік қана емес барлық өңірінде салу керек деген ойын жеткізген қауымдастық басшысы Қазақстанда алдағы уақытта салынуы жоспарланған жобаларға да тоқталды.

«Ең үлкен қуаты 44 МВт болатын жел стансасы Ақмола облысының Ерейментау елді мекенінде тұр. Қазір ең үлкен жоба Ақтөбе облысында іске қосылады. Аталған өңірде халықаралық мұнай компаниясы қуаты 48 МВт-тық жел стансасының жобасын қаржыландырды. Ол таяуда, келесі айлардың ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар жел стансаларына қатысты жобалар Жамбыл мен Алматы облыстарында да жүзеге асырылып жатыр», - деді А.Қашқынбаев.