Ақтауда лотерея клубына қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарақшылар мекемеден бір миллионнан астам теңге алып кетті.
Оқиға 5 шағын аудандағы «Loto Club» лотерея клубында болған. Ол жерге екі ер адам кіріп келіп, қомақты қаржыны қолды қылған.
«Қаскүнемдер күзетші мен кассирші қызды пышақпен қорқытқан. Осылайша, кассадан 1 миллион 150 мың теңге ұрлап, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Маңғыстау облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен ұсталғандарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», - делінген хабарламада.