Таразда ПТР тест анықтамасын қолдан жасаған медқызметкер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жамбыл облысының полиция департаменті ПТР тест пен вакцинация паспортын қолдан жасағандарды анықтау мақсатында іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр.
Соның аясында ПТР тестің теріс нәтижесі бар анықтаманы қолдан жасаған емхана қызметкері ұсталды.
Бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлімі бойынша тергеу жүріп жатыр.
26 жастағы медқызметкер жалған құжат жасағаны үшін ақша алмағанын және бұл жағдай бірінші мәрте болып отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінің рас-өтірігі тергеу кезінде анықталады.
Ал осы анықтаманы қолданған 47 жастағы әйелдің үстінен ҚК 385-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жалған құжат жасағандарға - 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны қолданғандарға - 40 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.