18 қар, 2024 сағат 13:39

Енді соғыс өрши ме: АҚШ Украинадан Ресейге ATACMS соққыларын жасауға шектеуді алып тастады


Фото:Adrien Vautier

АҚШ Украинаға Ресейдің ішкі аймақтарына ATACMS соққыларын жасауға шектеуді алып тастады. Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін батыс елдерін мұндай қадамға бармауға ескертіп, бұл НАТО әскери Альянсының Украинадағы соғысқа "тікелей қатысуын" білдіреді деп мәлімдеді. Ал Солтүстік Корея болса Ресейге әскери күштермен де, қару-жарақпен де белсенді қолдау көрсетіп жатыр.

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаның Вашингтоннан алған ұзақ қашықтыққа арналған қаруымен Ресейге соққы беруге шектеуді алып тастады. 

«Украина армиясы бұл қаруды Курск облысындағы Ресей Федерациясы мен КХДР әскерилеріне соққы беру үшін қолдануы мүмкін. Украина "жақын күндері" американдық ұзақ қашықтықтағы қарумен алғашқы соққыларын жасамақшы», -деп жазады Reuters агенттігі.

Айта кетейік, Украина бір жылдан астам уақыт бойы ATACMS-ты басып алынған Украина аумағында қолданды. Ол Ресей басып алған Қырым түбегіндегі әуе базаларына және Запорожье аймағындағы әскери позицияларға соққы беру үшін пайдаланды. Бірақ АҚШ бұған дейін Киевке Ресейде ұзақ қашықтықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат бермеген.

ATACMS тактикалық баллистикалық зымырандары 300 шақырымға дейін нысанаға соққы бере алады.

«Украина қарулы күштеріне ATACMS-ті қолдануға рұқсат ету Ресейдің Солтүстік Корея әскери күштерін тарту туралы шешіміне жауап ретінде берілген», деп түсіндіреді кей бір сарапшылар. Олардың айтуынша, Вашингтон осылайша Пхеньянға КХДР әскери күштерінің осалдығын білдіріп, олардың соғысқа қатысуына жол бермейтіндігін көрсетуді көздейді.

Алайда Украина президенті Владимир Зеленский бұл туралы әлі ешқандай пікір білдірген жоқ. Бірақ жексенбіде ол: 

«Соққылар сөзбен жасалмайды... Зымырандар өз нәтижемсін береді», -деген болатын.


Дегенмен Солтүстік Корея Ресейге көмектесуін жалғастырып жатыр. «Олар Украинаға қарсы соғысқа 100 мыңға дейін сарбаз жіберуі мүмкін» деп жазады Bloomberg агенттігі G20 елдеріндегі дереккөздеріне сүйеніп.

Есте болса, маусым айында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен КХДР жетекшісі Ким Чен Ын төтенше жағдайларда өзара әскери қолдауды көздейтін "жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы шартқа" қол қойды. Өткен жаздан бастап Солтүстік Корея Ресей Федерациясына қару-жарақ пен оқ-дәрілерді кең көлемде жеткізіп келеді. 

Еске салсақ, қыркүйек айында Ресей Федерациясы басшысы Владимир Путин Ресейге ұзақ қашықтықтағы Батыс қаруларымен соққы беру НАТО-ның соғысқа қатысуын білдіретінін айтты.

«Солтүстік Кореяның Украинадағы соғыс қимылдарына қатысуы үшінші елдің қақтығысқа араласуы болып саналады. Бұл үлкен шиеленіске және екіжақты қақтығыстың көпжақты қақтығысқа айналуына әкелуі мүмкін» деп қауіптенеді nippon.com

Айта кетейік, екі айдан кейін Ақ үйдің басшысы ретінде Джо Байденнің орнына Дональд Трамп келеді. Республикашыл саясаткер Киевке АҚШ-тың қаржылық және әскери көмегінің ауқымын бірнеше рет сынға алған болатын және Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде аяқтауға уәде берді, бірақ ол соғысты қалай тоқтататынын түсіндірмеді.

Трамп АҚШ-тың Украинаға Ресейдің ішкі аймақтарына ATACMS соққыларын жасауға шектеуді алып тастауына байланысты әлі ешқандай пікір білдірген жоқ. Бірақ оның кейбір жақын одақтастары мұны сынға алып жатыр.

Болашақ АҚШ президенті Трамптың ұлы кіші Дональд Трамп әлеуметтік желіде былай дейді: 

«Менің әкем  бейбітшілік орнатып, өмірді сақтауға мүмкіндік алғанға дейін әскери-өнеркәсіптік кешен үшінші дүниежүзілік соғысты бастайтынына сенімді болғысы келетін сияқты», -деп жазады кіші Дональд Трамп.


Ал Польша Америка Құрама Штаттарының шешімін құптап отырған сыңайлы. Поляк Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский бұған қатысты келесідей пікір білдіріпті:

«Солтүстік Корея әскерлерінің соғысқа кіруін және Ресейдің ірі зымырандық шабуылын ескере отырып, президент Байден Путин түсінетін тілде жауап берді», -деп жазды Радослав Сикорский x микроблогтар желісінде.


Балжан Жеңісқызы