Ақ Жайық жұртшылығы Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен оралдық Әнел Сытдықованы қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әуежайдан түскен бойда сұхбат берген Әнел Әлібекқызы өзінің алға қойған бір мақсатын орындағанын жеткізді.
- Мен бұған төрт жылдай әзірлендім. 2016 жылы алғашқы әрекетім дауылдың көтерілуіне байланысты сәтсіз аяқталды. Дегенмен алған бетімнен танбадым, - деді Әнел – Сөйтіп 21 тамыз күні Ла-Манш бұғазын Англиядан Францияға дейін 34 шақырымды жүзіп өттім. Түнгі сағат 02.00-де басталған бұл сапарым 15 сағат 15 минутқа созылды.
- Әнел, осыншама қашықтықты гидрокостюмсіз 16 градус салқын суда жүзіп өту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне талап та қатаң ғой?
- Иә, бұл оңай асу болған жоқ. Менің триатлонмен айналысқаныма тоғыз жыл болды. Ондағы біраз биікті бағындырғаннан кейін триатлонның ең қиын да ауыр бөлігі – жүзуге ден қойдым. Мен бұған кеш келсем де, алдыма айқын мақсат қойдым. Қазақстанда кәсіби спортшылар аз емес, бірақ олар осы кезге дейін Ла-Манш бұғазын жүзіп өтпеген екен. Мұның бірнеше себептері бар. Ең алдымен су өте салқын әрі ұзақ уақыт бойы жүзуге тура келеді, алдыңнан не күтіп тұрғанын білмейсің, жүректілік те керек. Қаржы да қажет. Бапкерім, мәскеулік Сергей Ленивкин жақсы көмектесті, ол дайындаған тағы екі адам Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті. Сосын қайықта төреші, ассоциация өкілі болды, ол ереженің сақталуын бақылап отырады. Қайыққа, адамдарға жақындауға болмайды. Тоқтамай жүзіп, жағаға шыққаннан кейін допинг-бақылаудан өтесің. Осы талаптардың бәрінің үдесінен шықтым. Сөз реті келгенде, айта кетейін, Англияда жүзумен айналысатындар аз емес. Олар мұны әдеттегі хобби санайды, Ла-Манш бұғазын бірнеше рет жүзіп өткендер бар.
- Ендігі арман-мақсаттарың қандай?
- Алда АҚШ-та тағы осындай екі ұзақ қашықтықты жүзіп өтсем деймін. Оның бірі – Каталина бұғазы (35 шақырымдай). Екіншісі – Манхэттен арқылы 20 көпірді жүзіп өту. Бұл, қателеспесем, 60 шақырымдай қашықтық. Сонда үш мәрте ұзақ қашықтықты жүзіп өтер едім. Енді, бұйырса, соған дайындаламын. Ең бастысы, адам алдына мақсат қоя білсе, қандай асуды да бағындыра алады. Мысалы, мен өзім бәрін 100 пайыз орындағанды жақсы көремін. Әр минутым есептеулі деуге болады. Таңертең балаларым сабақта болған кезде жүзумен айналысамын. Оларды мектептен алып келген соң отбасыма көңіл бөлемін.
- Жалпы, отбасыңда жолыңды қуғандар бар ма? Спортқа құштарлықты кімнен алдың?
- Жолдасым Нұрланмен бірге үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Олар кәсіби түрде айналыспағанмен, денесін шынықтырғанды жек көрмейді. Ата-анам да спорттан алыс емес. Мен өзім мұндай құштарлықты Нұрзия атты өте пысық әжемнен алдым деп ойлаймын.
***
Айта кетейік, Әнелдің әкесі, құрылыс саласында тәжірибесі мол, өңірде басшылық қызметтер атқарған Әлібек Бақтыгерейұлы волейболмен тұрақты айналысады. Ал анасы, математик-ұстаз Қанапия Мұхамбетқызы шаңғыға бейім.
- Әнел біз Тасқала ауданында тұрған кезде дүниеге келді. Кішкентай кезінен Деркөл өзеніне апарып жүрдім. Сонда мектепке барды, кейін Оралда оқыды. Қызымыздың алған бетінен қайтпайтынын білетінбіз. Осы жолы жүзіп өтпесе, бәрібір келесіде тағы әрекет жасар еді. Әрине, қауіпті болғандықтан, қатты қобалжыдық. Бәрі сәтті аяқталғанына қуаныштымыз, - деді Қанапия Мұхамбетқызы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен Әнел Сытдықованы құттықтағанын жазған болатынбыз.