АҚШ активі кемінде бір триллион доллар құрайтын ресейлік банктерге санкция салады. Арасында ВТБ да бар. Бұл жөнінде бейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде АҚШ президенті Джо Байден айтты.
АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, санкция сонымен бірге "Сбер", "Газпромбанк", "Открытие", Совкомбанк және Новикомбанкті де қамтиды. Бұл ақпараттан кейін "Сбердің" биржадағы құны 40 пайызға арзандады.
Байденнің айтуынша, Америка билігі әзірге Ресейді халықаралық төлем жасауға мүмкіндік беретін SWIFT жүйесінен ажыратпайды. АҚШ-тың пікірінше, банк саласына салынған санкцияның өзі Ресей экономикасына орасан зиян тигізеді. Бірақ бұл мәселені Еуропадағы әріптестерімен талқылауға дайын екенін де жеткізді.
АҚШ сонымен бірге Ресейдің доллар, еуро, фунт, иенмен операция жүргізу мүмкіндігін шектейтінін және жоғары технология өнімдерінің импортын 50 пайызға қысқартатынын айтты. Шектеулердің сонымен бірге Ресей өнеркәсібі мен ғарыш саласына да қатысы бар.
Ресейлік ірі кәсіпкерлер мен олардың отбасына да санкция салынады. Арасында "Алрос" компаниясының президенті Сергей Иванов, "Газпромнефть" компаниясының бас директорының орынбасары Андрей Патрушев, "Роснефть" менеджері Иван Сечин бар.
Джо Байден бұл шаралар Ресей әскерін күшейтуге кедергі келтіреді деп үміттенеді. "Бұл шаралар Владимир Путиннің әскери амбициясына нүкте қояды деп үміттенеміз" деді Байден.
Байден "империяны қайтадан қалпына келтіргісі келетін" Владимир Путинді "агрессор" деп атады. Оның айтуынша, Америка әскері Ресей мен Украина арасындағы соғысқа араласпайды, бірақ НАТО Шығыс Еуропада күштерін көбейтеді және Ресей тарабынан келетін кез келген агрессияға төтеп беруге дайын.