01 қыр, 2022 сағат 17:17

АҚШ Қазақстандағы президент сайлауының әділ өтуін бақылайды - Джуди Куо


Америка Құрама Штаттары Қазақстандағы президент сайлауын асыға күтеді және сайлаудың әділ өтуін бақылайды. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын мұқият тыңдадық және оның өршіл бастамалары мен реформаларын қолдаймыз. Елде президент сайлауы өтетінін есту біз үшін өте қызық болды. Біз бұл сайлауды асыға күтеміз және оның әділ өтуін қадағалаймыз. АҚШ 30 жыл бойы Қазақстанның сенімді серіктесі болғанын және жақын дос пен серіктес ретінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын әрдайым қолдап келгенін айта кетейін. Біз реформалар жолында Қазақстанға қажетті қолдауды ұсынуға дайынбыз», - деді АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі. 

Джуди Куо АҚШ-тың түрлі бағдарламалар арқылы Қазақстанды қолдайтын көптеген тетіктер бар екенін атап өтті. Яғни, қорғаныс және басқа да өнеркәсіп секторларында көмектің толық спектрі бар. 

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. 

Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған.