29 қыр, 2023 сағат 16:13

АҚШ елшісі шет елден ақша алатын қазақстандықтардың тізіміне қатысты пікір білдірді

Фото: primeminister.kz.

Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм шетел қаржыландыратын тұлғалар тізімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бүгін елордада АҚШ елшісі тілшілермен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Онда журналистер Қазақстандағы шетел қаржыландыратын тұлғалар тізімі туралы елшінің пікірін сұрады.

«Мен бұл тізім туралы естідім және біздің елшілік мұны жіті бақылап отыр. Сондай-ақ біз осы тізім жарияланғаннан кейінгі түрлі ҮЕҰ мен медиаұйымдардың реакцияларын бақылап отырмыз. Кей адамдар осы тізім мен басқа елдердегі «шетелдік агенттер» деп аталатын заңдарды салыстырып жатыр. Мұндай салыстырулар неліктен жасалатынын түсінемін, бірақ қазіргі уақытта бұл әртүрлі нәрсе екенін айтқым келеді», – деп жауап берді Розенблюм.

Елшінің айтуынша, бұл қазақстандық тізімде болу ондағы ұйымдар мен адамдар үшін заңмен байланысты еш мәселе тудырмайды.

«Және бұл олардың күнделікті жұмысына еш әсер етпейді. Біз бұл жағдайдың осы қалпында болуын қалаймыз, сондықтан бұл ұйымдардың жұмысына еш кедергі болмайды. Біз бұған бақылауды жалғастырамыз. Қазақстан Үкіметі немесе үкіметтік емес ұйымдар не айтатынын көрейік. Егер бізде қандай да бір алаңдаушылық туындаса, Үкіметпен сөйлескенде бұл тақырыпты міндетті түрде көтереміз», – деді дипломат.

Еске салайық, 20 қыркүйек күні Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін жариялады. Құжатқа әртүрлі бағытта жұмыс істейтін 240 ұйымның атауы мен азаматтардың есімі енген. Тізілімде ұйымдар мен жеке адамдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (БСН) және жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) көрсетілген.