ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданында ақсақалға қол көтерген адам қамауда отырғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Полиция қызметкеріне қол көтеру, жағасынан алу - Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің қай елінде болмасын қылмыстың үлкені. Біз оны көрдік, сол қылмыс жасағандар табылды ма? Оларға іс қозғалды ма? Екіншіден, қай халықта болмасын жасы үлкен адамға, ақсақалға қарсы сөз сөйлеу, жаман сөз айту жақсы емес. Бұл мәселе әлеуметтік желіде көп талқыланды. Осы ақсақалға (Қордай ауданында) қол көтерген адамдар табылды ма? Табылса, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды ма?», - деп сұрады Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР ІІМ басшысынан.
Өз кезегінде Е. Тұрғымбаев бүгінде Қордай ауданында жағдай тұрақты екенін атап өтті.
«Біздің полиция қызметкерлеріне қол көтерген үш адам анықталып, қамауға алынды», - деп тоқталды министр.
Сонымен қатар ол ақсақалға қол көтеру оқиғасы бойынша сарапталық шаралар жүріп жатқанын айтты.
«Ақсақал бойынша мәселеге тоқталсақ, бұл іске қатысты азаматты ұстадық. Ол адам екінші күні ұсталды, қазір қамауда отыр. Атап айтқанда, медициналық сараптама біткеннен кейін, істі екі-үш аптадан соң сотқа жібереміз», - деді Ерлан Тұрғымбаев.