06 қыр, 2023 сағат 16:52

"Ақпараттық шабуыл деп ойлаймын": Тұрлыханов ұлына қатысты видеоға түсініктеме берді

Фото: Olympic.kz

Мәжіліс депутаты, танымал спортшы Дәулет Тұрлыханов әлеуметтік желіде тараған ұлына қатысты видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Құрметті қауым! Бүгінгі әлеуметтік желілерде менің ұлыма қатысты тараған видео бойынша түсінік беруді жөн көрдім.

​Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиғалар бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы - менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді" - деп жазды ол.

Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өтті.

"Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын" - деп түйіндеді Тұрлыханов.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жігіт пен қыздың арасындағы жанжал түсірілген видео тараған еді. Белгілі журналист Михаил Козачков бұл оқиғаға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлының қатысы бар екенін хабарлады. Осы орайда тілшілер келеңсіз жағдайға қатысты депутаттың пікірін білді.

«Жастар өздері шешеді. Бір-бірін жақсы көретін болар», - деді Тұрлыханов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап беріп.

Бұл ретте депутат аталған жайт туралы естімегенін және ұлымен сөйлесетінін айтты.

«Олар - ересек адамдар. Сондықтан өздерінің мәселесін шешеді деп санаймын. Бұл жаңалықты сіздерден естіп отырмын және мен үшін жағымсыз жаңалық болып тұр», - деді Дәулет Тұрлыханов.