Ақмола облысында цифрлық дағдыларды дамытуға, жастардың заманауи digital-кәсіптерге деген қызығушылығын арттыруға және цифрлық технологиялар дәуірінде өмірге дайындалуға бағытталған жобалар іске асырылуда.
Өңір мектептерінде 2018-2019 жылдары 560 IT-сынып ашылды. Серпінді дамып келе жатқан ақпараттық әлем уақытында IT-сыныптарда арнайы оқу бағдарламасы бойынша 15 000-нан астам оқушы өз ой-өрісін кеңейте алады, деп хабарлайды Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы.
Оқушылар сабақ барысында бағдарламалау дағдыларын үйренеді, қарапайым алгортимдер құра алады, Web-сайттар, компьютерлік ойындар және еуропалық білім беру стандарттары бойынша анимациялар жасайды.
Сонымен қатар, жыл сайын қалалық және аудандық мектептердің педагогтары IT–сыныптарында сабақ беру әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
«IT кабинеттерінде бағдарламалау, робототехника сабақтары үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда: жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын компьютерлер және 3 D – принтерлер орнатылған. Жас ақмолалықтар сабаққа қуана қатысады», - деп атап өтті білім басқармасында.
Өткен жылы өңірде ІТ - білім беруді дамытудың қадамы - 900 орындық мемлекеттік тілде оқытатын ІТ мектеп-лицейін ашу болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Бурабай ауданында 800 орындық It - лицей ашу жоспарлануда.
Білім беру саласындағы it бағытының дамуы өз жемісін беруде. 2018 жылы ақмолалықтар «Kazakhstan Robotics Challenge 2018» (І орын), «Roboland Kazakhstan 2018» халықаралық фестивалінде (ІІ жалпы командалық орын), «World Robotics Olympiad» өңірлік байқауында (І,ІІ,ІІІ орын) жүлделі орындарға ие болды.
Айта кетейік, облыста 136 робототехника кабинеті, 1500 оқушыға арналған екі инновациялық технопарк, сондай-ақ Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Жоғары колледж жанында қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жабдықталған екі IT-орталық жұмыс істейді.