Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылында су тасқыны кезінде биліктің көмектесуін талап етіп, жолды жапқандарға айыппұл салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жөнінде Ақмола облысы Целиноград аудандық соты хабарлады. Сот ауылдың алты адамын "заңсыз митинг ұйымдастырды" және "заңсыз митингіге қатысты" деп айыптап (488-бап), 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салған. Соттың мәліметінше, ауыл тұрғындары митинг жөнінде әкімдікке ескерту бермеген.
Ақпаратқа қарағанда, сот Ерік Бралинге – 50 АЕК, Жұмабек Мұса мен Асқар Қарарға әрқайсысына 30 АЕК көлемінде айыппұл салған. Сот құжаттарында жауапкерлердің бірі Асқар Қарар 26 наурызда сағат кешкі 7-лер шамасында Қоянды ауылының маңында орналасқан Астана-Павлодар тас жолында "заңсыз шеруге қатысқаны" жазылған.
Еске салайық, 26 наурыз кешке Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының тұрғындары тасқын су қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан. Халық Қоянды ауылына кіреберістегі жолды бөгеген. Ал ауыл тұрғындары қардың уақытылы күремеген жергілікті биліктің әрекетсіздігіне наразылығын білдірген.