17 шіл, 2024 сағат 16:39

Ақмола облысында адам жүзі бейнеленген ерекше тас табылды

Фото: aqmola_tjd

Ақмола облысы Сандықтау ауданы төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері "Орман" профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде тарихи олжа тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Облыстың төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Департамент өкілдерінің мәліметінше, артефакт жөнінде шетелдік ғалымдар да хабардар екен.

"Артефакт – тасқа белгіленген адамның келбеті. Олжа туралы Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментіне және жергілікті өлкетану мұражайына хабарланды. Бұдан әрі олжа туралы ақпарат тек Астанадан ғана емес, тіпті алыс шетелден келген ғалымдарға да мәлім болды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қонақтарды ескерткішпен таныстырды", - делінген хабарламада.


Әзірге ежелгі мүсіннің қай дәуірге жататыны белгісіз.

"Ғалымдардың пікірі екіге бөлінді. Кейбіреулер бұл тас қола дәуірінен бері бар десе, ал басқалары оны кейінгі түркі кезеңіне жатқызады. Тіпті, ғалымдардың бірінің пікірінше, Сібірде табылған олжаларға ұқсастықтар бар. Қай пікірдің дұрыстығын әрі қарай зерттеу шешеді, бірақ қазірдің өзінде бұл жаңалық үлкен тарихи құндылыққа ие деп айтуға болады. Қазіргі уақытта артефакт қорғауға алынды", - дейді мамандар.