20 қыр, 2024 сағат 11:03

Ақмола облысында 11 сынып оқушысы сабаққа бармай шахтадан алтын іздеген

Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында жоғалған 17 жастағы жасөспірім Бестөбе шахтасынан табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қыркүйекте Степногор қалалық полиция басқармасына 17 жастағы жасөспірімнің жоғалғандығы туралы хабар түскен.

11-сынып оқушысының сабақты себепсіз босатқанына мұғалімдер дабыл қаққан.

"Оқушы 13 қыркүйектен бері мектепке бармаған. Жедел іздестіру шарасы барысында жоғалған жасөспірімнің ата-анасы, жақын туыстары мен таныстары, достары анықталып, сұрастырылды. Нәтижесінде жасөспірімнің Бестөбе кенті аумағындағы шахтаға түскені анықталды. Бала шахтадан шығарылып, туыстарына аман-есен тапсырылды", — деді ведомстводан.


Баланың сөзінше, ол шахтаға алтын іздеуге түскен.

"Полиция жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың өзі қорғалатын объектіге заңсыз кіргені үшін әкімшілік жауапқа тартылды", — деді ведомстводан.


Осы ретте, тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының орналасқан жерін бақылауды және қауіпсіздік мәселесін жіті назарда ұстау қажеттігін еске салады.