видеодан алынған кадрлар
Ақкенттегі өрт кезінде қаза тапқан тұрғынның отбасына екі бөлмелі пәтер беріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ayt housing Complex" ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания марқұм Әсел Бекмұхамбетованың отбасына өтеусіз негізде екі бөлмелі пәтер береді. Сондай-ақ, құрылыс салушы өрт шыққан үйде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге уәде берді.
"Біз өз бастамамызбен үйді қалпына келтіру шығындарын өзімізге алуға дайынбыз", - деді Ayt housing Complex құрылыс компаниясының бас директоры Қанат Ералиев "Ақкент" тұрғындарымен кездесу барысында.
54 көппәтерлі тұрғын үй 2017 жылдың 7 тамызында пайдалануға берілген. Алайда 2020 жылдың қаңтарына дейін бос тұрған.
""Ayt housing Complex" ЖШС осы үйдің тапсырыс берушісі және меншік иесі болып табылмайды. Бұл үйге тұрғындар тек 2020 жылы қоныстанды, үйдің иесі жаңарды. Тұрғын үй кешенінде қызмет көрсететін басқару органы "Ақкент ТК" меншік иелері бірлестігі", - дейді "Ayt housing Complex" ЖШС.
Ақкенттегі өрт шыққан үйдің лифтісі техникалық тексеруден өткеніне бір ай болмаған.
"Лифтілерге келетін болсақ, бұл тұрғын үйде Mitsubishi лифтінің бренді 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. "АГ МЕЛЬКО Элеватор Казахстан Компани" ЖШС лифт компаниясы қызмет көрсетеді. Лифттерді соңғы техникалық куәландыру 2023 жылдың 27 шілдесінде жүргізілді", - дейді "Ayt housing Complex" ЖШС баспасөз қызметі.