25 жел, 2019 сағат 17:01

АХҚО-ның 8 қызметкері Президенттік жастар кадр резервіне енді

АХҚО-ның 8 қызметкері Президенттік жастар кадр резервіне енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алты іріктеу кезеңінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 13 мың үміткердің ішінен 300 жас маман іріктелді. Іріктеудің нәтижесі бойынша АХҚО-ның екі қызметкері: АХҚО Биржасы AIX Қаржы жөніндегі директоры Ренат Бектұров пен «АХҚО Әкімшілігі» Басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов ең жоғары ұпай жинап, 1 және 2 орындарды иеленді. Президенттің жастар кадрлық резервіне АХҚО-дан барлығы 8 қызметкер енді. Олардың қатарында: Нариман Әлібаев, Нұрлан Тайғанов, Ардақ Жұмағалиев, Әсия Кәрібай, Ілияс Шанбаев және Нұрсұлтан Серікбай бар.

Бұған қоса Цифрлық технологиялар жөніндегі Басқарушы директор Әсел Жанасова 2019 жылғы «100 Жаңа есім» байқауының жеңімпаздарының бірі атанды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АХҚО елдегі адам капиталының сапасын арттыру бойынша жұмыс істейді. Қаржылық қызмет көрсету саласында сауатты мамандарды дайындау және өсіру - қаржы орталығының маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсаттар үшін АХҚО құрылымында Үздіксіз кәсіби даму Бюросы жұмыс істейді.

Бүгінгі күні АХҚО-да тіркелген компаниялар үшін мамандар кадрлық резерві 10 000 адамға жетті. 2019 жылы Бюро базасында 2642 маман қайта даярлаудан өтті.