08 қар, 2019 сағат 20:21

Ақберен Елгезектің түрік тілінде "Fantasmagoria" атты жыр жинағы жарық көрді

Түркия елінің астанасы Анкара қаласында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі ақын Ақберен Елгезектің түрік тілінде шыққан "Fantasmagoria" атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Шара Түрксой халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды. Кітап авторлық құқықтарды қорғайтын ILESAM ұйымының қаржыландыруымен жарық көріп отыр. Жинақтағы өлеңдерді түрік тіліне жас аудармашы Балсан Мәді тәржімалаған. 

Жиын барысында ILESAM қаламгерлер ассоциациясының мүшесі Илтер Ешілай ақынның туындыларын жан-жақты талдап, арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ, Әзербайжанның талантты ақыны Хаял Рза жылы лебізін білдіріп, өз ойымен бөлісті.

Осы кеште бауырлас әзербайжан-түрік авторларының “Отан жайлы өлеңдер” атты антологиясының да тұсаукесері өтті.


"Азия форумы кезінде ILESAM-ның басшысы Абайдан бастап 100 қазақ шайырының өлеңдерін түрік тіліне аударып, кітап қып шығаруға уәде берген. Қазір бұл антологияны дайындау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Тәңірі бұйырса, жинақ алдағы жылда жарық көреді. Сол күнге Тәңірім баршамызды аман-есен жеткізсін дейміз.

Бұл кішкентай еңбегіміз де екі ел арасындағы рухани байланыстарымыздың дамуына тамшыдай болса пайдасын тигізсе, осы өмірде бекер жүрген жоқпыз. Бұйырса, Аланияда “Мұражай-Поэзия-Мәдениет” конференциясына қатысып, қазақ әдебиетінің дамуы туралы баяндама жасамақпын", - деп жазды Ақберен Елгезек шарадан соң.