Қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас қайғыға душар болды. 64 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және мемлекетаралық «Звезда содружества», Ресей гуманитарлық академиясының Бунин атындағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген баспа қызметкері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Есенғали Раушанов дүниеден озды.
Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қадірлі ағайын!
Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық.
Алла алдынан жарылқасын.
Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын», - деп жазды ол.
Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылы Қарақалпақстанның Хожелы қаласында дүниеге келген. 1976 -1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988 — 95), 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры болды.
Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді.
«Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйлығын алды), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. Өлеңдері мен поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.