көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевқа курсанттар мен комитет қызметкерлері арасындағы құмар ойындарға қатысты мәселе туралы сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Депутат Магеррам Магеррамов бұл келеңсіздік форма киген адамдарды да айналып өтпегенін айтып, жақында Алматыда ҰҚК академиясының курсанты өз-өзіне қол жұмсағанын еске алды.
"Жігіттің отбасына көңіл айтамыз. ҰҚК академиясына оқуға түсу кезінде үміткерлер психологиялық тестілеуден, полиграфтан өтеді. Осыған байланысты курсанттардың құмар ойындарға деген тәуелділігі қадағаланып жатыр ма және одан қалай сақтануға болады? Мұндай жағдайлар болашақта тағы қайталанбауы үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?" - деп сұрады депутат ҰҚК төрағасының орынбасарына.
Марат Қалқабаев полиция тергеп жатқан курсанттың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іспен қатар ҰҚК өзінің қызметтік тергеуін де жүргізгенін айтты.
"Ұлттық қауіпсіздік органдарына кіреберісте үміткерлер өтірік детекторында жан-жақты, оның ішінде психологиялық тексеруден өтетінін өзіңіз де атап өттіңіз. Алдағы уақытта академияның қызметкерлері, студенттері бақыланатын болады. Бізде қауіпсіздік бөлімде психологиялық қызмет пен жеке құрам бар. Мұның барлығы қазір сарапталып, елеулі түзетулер енгізілді. Мұның барлығы, өзіңіз айтқандай, құмар ойынының салдары. Ол бізге де келді. Бұл - комитеттің, академияның тарихындағы алғашқы жағдай. Лудомания - құмар ойынға деген тәуелділік бірден пайда болмайды. Бірте-бірте пайда болатыны айтылады. Ең бастысы - адамның құмар ойынға кіріскен сәтін дер кезінде анықтау. Міне, біздің басты мәселеміз. Ол үшін қажетті шараларды қабылдадық", - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.
Бұған жауап ретінде депутат Руслан Берденов арнайы қызметтің болашақ және қазіргі қызметкерлерінің қатарында мұндай жағдайлар толғымен тоқтатылатынына қарсылық білдірді.
"Бұл бір ғана жағдай емес. Бұл жағдайға қатысты кішігірім есеп жасап қана қоймай, үлкен жұмыс істесеңіздер дұрыс болады. Себебі бұл әскери орындардағы өте үлкен проблема. Мен күніге әртүрлі хат алып тұрамын. Депутаттар ретінде адамдармен бөлек кездесіп жүрміз. Бұл өте күрделі проблема. Осыны аңғарып, өздеріңіз үшін дұрыс баға қойыңыздар", - деді депутат Берденов Мәжіліс отырысында.
ҰҚК төрағасы орынбасарының айтуынша, олар бұл мәселеден хабардар және шара қолданып жатыр.
"Бәрін түсініп отырмыз, бәрін біліп отырмыз. Қолдан келген шараның бәрін істейміз. Проблеманы білеміз. Шұғыл және жауапты шешімдер қабылдаймыз", - дейді ҰҚК өкілі Мәжілісте.
Мәжілістегі әріптесіне депутат Айгүл Құспан да жауап берді.
"Біз бұл мәселені де зерттедік. Бұл ұлттық қауіпсіздік жүйесінде бірінші рет болып отыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар әскерде және Ұлттық ұланда бұрын да болған", - деді ол.
833 рет оқылды