27 ақп, 2021 сағат 10:42

Аида Балаева: Азаматтық ұйымдар жеке бастың емес, қоғам игілігі үшін қызмет етеді

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров, Вера Ким, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Рахым Ошақбаев, Марат Бәшімов, белгілі қоғам қайраткерлері Айгүл Соловьева, Бану Нұрғазиева, Тілеубек Мұқашев, Эмин Әскеров, Нұргүл Ұлжекова, Құралай Түспекова және Лима Диас қатысты.

Аида Балаева өзінің құттықтау сөзінде қазіргі халықаралық ҮЕҰ күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын және ерекше мәнге ие екенін жеткізді. Ол өз елінің азаматы болу – бұл үкіметтік емес ұйым жетекшілері де жан-жақты түсінетін жауапкершілік екенін атап өтті. 

«Осында отырған әрбіріңіз отар елден азат ел болуымызға өздеріңіздің үлкен азаматтық үлестеріңізді қостыңыздар. Бүгін де аянбай атсалысып келесіздер», - деді министр.

Аида Балаева тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үкіметтік емес ұйымдар Семей ядролық полигонын жабу (Невада-Семей), Кіші Аралды қалпына келтіру (Аралды құтқару қоры), ана мен баланы қорғау («Бөбек» қоры) сияқты жаһандық міндеттердің бастауында тұрғанын еске салды.

«Жалпы, қоғамдық ұйым құрудың өзі – адами еріктіліктен, азаматтық белсенділіктен бастау алады. Азаматтық ұйымдар – жеке бастың пайдасы үшін емес, мемлекет мүддесі, қоғамның игілігі үшін қызмет етеді. 

Мемлекеттің барлық мәселені түгел қамтып қарауы мүмкін емес. Бұл орайда, осы олқылықтың орнын толтыратын бірден бір күш ол әрине – үкіметтік емес ұйымдар», - деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар, министр кездесу халықаралық ҮЕҰ күнін атап өту үшін ғана емес, үкіметтік емес секторды дамытудың маңызды мәселелері бойынша өзекті тақырыптарды талқылау, тұщымды ой-пікірлерді ортаға салу үшін өтіп жатқанын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар пікірталасқа белсенді қатысып, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті.

Дүниежүзілік ҮЕҰ күні – бұл еркіндікке, қоғамдық дауысқа, адамдардың қауіпсіздігіне, табиғатқа, адамзаттың мәдени мұрасына, адамзаттың болашағына қамқорлық жасауға бағытталған жаһандық құндылықтарды, ҮЕҰ ұмтылысы мен нәтижелерін көрсететін халықаралық символ.