29 қаң, 2021 сағат 18:23

Ағзадағы антиденелер титрі жоғары болса, вакцина салудың қажеті жоқ – сарапшы

«Астана медицина университеті» КеАҚ жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының доценті, қалалық жұқпалы аурулар орталығы бөлім меңгерушісі Зәуреш Смағұлова «Коронавирусқа қарсы антиденелері бар тұрғындарға вакцина алу қажет пе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кез келген жұқпалы аурудың ерекшелігі – иммунитет түзіліп, антиденелердің белгілі бір мөлшерде дамуы. Сондықтан кез келген инфекциядан кейін әрдайым иммунитет іске қосылады және антиденелер шығады. Ал олардың денемізде қанша уақыт сақталатыны ағзаның өзіне байланысты. Егер антиденелер титрі айтарлықтай жоғары болса және ұзақ уақыт сақталса, вакцина салудың қажеті жоқ. Ал егер антидене титрі уақыт өте келе төмендесе немесе төртінші, алтыншы айда нөлге дейін түссе, онда иммундау мәселесі туындауы мүмкін», - деп түсіндірді дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, коронавируспен ауырғандарға вакцина салмаудың басты себебі – антиденелердің болуы.

«Вакцинацияның мәні де сол – оны ағзаға енгізгенде, ағза оған иммунитет, яғни антиденелер шығару арқылы жауап береді. Сондықтан ағзада антиденелер бар болса, қайта вакцина егудің қажеті жоқ», - деді З. Смағұлова. 

ҚР ДСМ Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарға алты ай бойы вакцинациядан бас тарту ұсынылады.

«Келесі айларда жаңа деректер пайда болса, ұсынымдар да жаңартылады. Коронавируспен ауырғандарға алты айдан кейін вакцина алуға болады», - дейді М. Смағұл.