Мемлекеттік қызмет істер агенттігі мемқызметшілердің қосымша іспен айналысуына қатысты түзетулер бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«27 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясы барысында мемлекеттік қызметшілердің қосымша қызметпен айналысуына қатысты заңнамалық түзетулер енгізу мәселесін пысықтау туралы ақпарат берді.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама мемлекеттік қызметшілердің ғылыми, педагогикалық және шығармашылық қызметпен айналысуына мүмкіндік береді», - делінген түсіндірмеде.
Агенттіктің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, бұл санаттар арнайы және/немесе бірегей дағдылары мен білімі, сондай-ақ бос уақыты бар мемлекеттік қызметшілерді қамтымайды.
«Мысалы, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін дәрігер жұмыстан бос уақытында медициналық ұйымдарда жалдау бойынша емдеу практикасымен айналыса алады. Табысты спортшылар өз тәжірибесін өскелең ұрпаққа бере алады, тиісті сертификаты бар заңгерлер шарттарға немесе келісімшарттарға, көлік жүргізуге, сондай-ақ жалдау бойынша жұмыстардың өзге де түрлеріне сараптама жүргізе алады.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын іске асыру мақсатымен заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге негізгі жұмысынан бос уақытында, «мүдделер қақтығысы» туралы норманы сақтай отырып орындай алатын жұмыстан табыс алуға заңды мүмкіндік беру ұсынылады.
Бұл олардың көпшілігінің ерекше дағдыларын сақтауға, дамытуға және таратуға ықпал етеді», - деп жазады ведомсвтоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ресми түсіндірмеде кәсіпкерлік қызмет пен ақы төленетін өзге қызмет түрлерін шатастыруға болмайтыны айтылған.
«Яғни, бұл «жалдау арқылы» атқарылатын жұмысты білдіреді. Бұл мемлекеттік қызметші орындайтын функциялардан пайда алуды көздемейді.
Айта кету керек, мұндай тәжірибе алыс шетелдерде де бар. Мысалы, Англия мен Финляндияда жоғары тұрған басшылықтың келісімімен екінші жұмысқа ие болуға болады. Бұл ретте мүдделер қақтығысына немесе тиімділіктің төмендеуіне жол берілмейді», - делінген ресми мәліметте.
Еске салсақ, мұндай бастаманы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім еткен болатын.
«Неліктен оларға қосымша жұмыс істеуге болмайды? Болады. Бірақ кәсіпкерлікпен емес. Мысалы, жұмыстан бос кезінде таксист болып жұмыс істеуге болады деген сияқты. Отбасын асырауға қосымша қаражат керек болса, соған рұқсат беретіндей заңнамалық өзгерістер дайындап жатырмыз. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Ал кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды», - деген Анар Жайылғанова.