11 қаң, 2022 сағат 17:20

Әділет қағидасы орнайды – сенатор Нұртөре Жүсіп


Еліміздің өмірінде жаңа дәуір басталып жатыр. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ Елі қатерлі сынаққа тап болғаны мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев террорлық агрессияға қарсы тегеурінді әрекет етті. Соның арқасында Елдің Үмітін жақты, Сенімін орнықтырды. Еліміздің өмірінде жаңа дәуір басталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жаңа Үкімет басшысын тағайындады, алдағы уақытта атқарылатын мәселелерді түгел санамалап айтты. Шегелеп тапсырмалар берді. Бұл шешімдер еліміздің дамуына, халқымыздың тұрмысының, әл-ауқатының одан ары көтерілуіне бағытталған. Халық мұны толық қолдайды. Баршамыз Президент саясаты аясында бірлесіп, тас түйін жұмылуымыз қажет. Президент ең өзекті мәселелері ортаға салды. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды ұсынды», - деп атап өтеді ол.

Сенатор Мемлекет басшысы бірінші кезекте Тәуелсіздікті нығайту, бұл үшін әскерді күшейту, білімді арттыру, халықтың табысын көтеру, өңдеу және тау-кен өндірісін, ауыл шаруашылығын дамыту, инфляцияны ауыздықтау, квазимемлекеттік секторды реттеу және тағы басқа салаларға қатысты нақты тапсырма бергендігін баса айтады.

«Қалыптасқан күрделі жағдайдан шығу үшін «Қазақстан халқына» әлеуметтік-қоғамдық қоры ашылады. Оның қаржысы қатерлі ауруға шалдыққандардың қымбат еміне, операциясына, балаларға, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендер салуға, қызметтік борышын атқара жүріп опат болған құқық қорғау, әскери, азаматтық қызметкерлердің отбасына көмектесуге, зардап шеккен аймақтарға көмекке жұмсалады. Қаржыландыру - жеке және мемлекеттік қаржы көздерінен, шетелдік қайырылымдылық қорларынан болады. Байлығы асып-тасыған олихархтар жыл сайын қаржы құюы керек. Бұл өте өзекті мәселе. Адам астың өзін күшенбей ішеді, күшеніп босатады», - деді Нұртөре Жүсіп. 

Депутат елге ешқандай пайдасы жоқ қорлар мен компаниялар жұмысын қайта қарау ұсынылғанына, әсіресе алпауыт қорлардың аты аталып, түсі түстелгеніне назар аудартады.

«Самұрық-Қазына» қорын реформалау қажет, жасай алмасақ, оның экономикамызға қажеті жоқ ,- деді. Қордың жабық жұмысы, бір көзден сатып алу өткір сынға алынды. «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына қатысты шағымдар жиі келіп түседі. Қордың активі жалпы ішкі өнімнің 60 пайызына жуығын құрайды. Бірақ қор ұлттық байлықты арттырды ма? Қордың үлкен жалақы алатын басшылары, қызметкерлері немен айналысады? Квазимемлекттік секторды түбегейлі өзгертуді тапсырамын. Егер оны реформалай алмасақ, ондай қордың біздің экономикамызда болмағаны дұрыс», - деген Мемлекет басшысы мәлімдемесін тарихи сөзбен түйіндеді. «Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық!«,- деп түйіндеді.Бұл жаңа өзгерістердің басталатындығын аңғартады. Халықпен ашық жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерге көп нәрсе байданысты. Халқымыз «Ауруын жасырған өледі«,- дейді. Қоғам өткеннен сабақ алуы, тазаруы, жаңаруы тиіс. Түйеқұс секілді бастарын құмға тығып, елдің мұң-мұқтажына құлақ аспайтын кердең кезеңнен тезірек арылып, қуатты Қазақстанды бірге құруға ұмтылуымыз қажет», - деп түйіндеді сөзін Сенат депутаты.