26 жел, 2019 сағат 16:06

Әділдікті шенеунік кабинетінен іздейтін әдеттен арыла алмай келеміз - Айдос Сәдуақасов

Әділдікті шенеунік кабинетінен іздейтін әдетімізден арыла алмай келеміз. Мұндай пікірді Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот жүйесінде орын алған жаңашылдықтар өздігінен пайда болған жоқ. Ол - Ұлт жоспарында көзделген реформалардың логикалық жалғасы. Кез-келген жаңашылдықтың табысты жүзеге асуы реформаторларға ғана байланысты емес. Ол ең әуелі қоғамның өзгерістерді қабылдау деңгейіне байланысты. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» демекші, бірқатар заңдарды да өзгерттік. Сот корпусы біртіндеп жаңаруда. Бірақ егер сіз бен біздің заңға деген құрметіміз өзгермесе, мұның бәрі бекер. Реформаның қиындығы да осында. Бүгінде қит етсе болды, жоғары жаққа, әкімдер мен министрлерге, тіпті Президентке дейін шағымданатындар көбейген заман. Бірақ, әділдікті соттан емес, шенеуніктің кабинетінен іздейтін сол баяғы әдетімізден арыла алмай келеміз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Ата заңымызға сәйкес, елімізде сот төрелігін тек сот қана атқарады. Ешқандай орган немесе лауазымды тұлға судья қызметін атқара алмайды. Сот ісіне қандай да бір араласу заң бойынша жауапкершілікке алып келеді. Соған қарамастан, нақты сот ісін желіге жазып, талқылау сәнге айналып барады.

«Бірақ әлеуметтік желі тек шындықтан тұрмайды. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Мұнда таза фактіден гөрі эмоция басым. Кейбіреулер өзін соттың құрбаны ретінде сипаттап, ел-жұрттың аянышын тудырады. Мұндай жазбаларды оқыған адам сот ісімен таныспаса да, соттың шешіміне қатысты бір жақты пікір жазып, сын айтады. Біз, әрине, сыннан қашпаймыз. Ең бастысы, сын шын болуы керек. Дегенмен, Фейсбук пен Инстаграм еш уақытта сот процесін ауыстыра алмайды. Сот шешімімен келіспеген адам келесі сатыға жүгінуі қажет. Қарап отырсақ, осынау қарапайым қағида сақтала бермейді», - деді Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы.

Айта кетерлігі, баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқық реформасы комитетінің мүшесі Евгений Козлов, Жоғарғы Соттың судьясы Елена Максюта, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Нұржан Жолдасбеков заңның үстемдігін қамтамасыз ету және судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру тақырыбында сөз қозғады.