02 мау, 2021 сағат 19:14

Адамдарды 185 миллион теңгеге алдап соққан алматылық сотталды


Алматыда тұрғындарды 185 млн астам теңгеге алдап соққан адам сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың тамыз айында Дилфуза Алдабергенованың үстінен 64 адамнан арыз түсті. Олар жалпы сомасы 185 миллион 802 мың 400 теңгені құрайтын материалдық залал келтірілгендігі туралы ұжымдық мәлімдеме жасаған. 

Бұл факт Бостандық аудандық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190 бабы, 3 бөлігі, 1,4 тармағы бойынша тіркелген.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғаны, 2018 жылдың маусым айынан бастап 2019 жылдың қыркүйек айына дейін азаматша Алдабергенова әлеуметтік желілер арқылы инвестициялық жобаның ашылатындығын жариялады. Жобаның мәні букмекерлік кеңселерге, сондай-ақ, әр түрлі бизнес-жобаларға ақша салу арқылы қаражатты көбейту болды. 

Осылайша, салымшылар 30% және 50% пайда табу үшін банктік карталар арқылы ұйымдастырушыға және басқа адамдарға қаражат аударды, бірақ кейіннен ешқандай пайда таппады. Алдабергенова салынған қаражатты қайтарған жоқ. Тергеу барысында күдікті ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды», - деді, Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.

Тергеу Дилфуза Алдабергенованың кінәсін дәлелдеді. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу куәландырылып, олардың материалдары сотқа жіберілді. 

Алмалы аудандық сотының судьясы Д.А. Алдабергеноваға қатысты ҚР ҚК-нің 190 бабы, 4 бөлігі, 2 тармағы және ҚР ҚК-нің 217 бабы, 3 бөлігі, 2 тармағы бойынша 6,8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.