17 нау, 2020 сағат 09:28

Абылай Мырзахметов кәсіпкерлер бетпе-бет келген басты қиындықтарды атады

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер бетпе-бет келген басты қиындықтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлердің 30 пайызы өздерінің несие қарызын қайтару уақытын созып беруді сұрап отыр. 25 пайызы салық тұрғысында жеңілдік беруді өтінеді. Төтенше жағдай кезінде қазір халықтың сұранысы да төмендеп кетті. Сауда орталықтары мен тамақтандыру орындарында да қысқарту жұмыстары күшеюде. Осының салдарынан кәсіпкерлердің 17 пайызы өз штатын қысқарту мәселесін көтеріп отыр. Осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен талқылауға дайынбыз», - деді Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша шағымдардың көбі туризм саласынан түскен. Жыл басынан бері бұл сала айтарлықтай қиындықты бастан өткеріп келеді. 

«Барлық кәсіпкер төтенше жағдайды кейінгі аптада ғана сезініп жатқанымен, олар алдыңғы тоқсаннан бері күрделі жағдайда. Қазақстанда туризм саласында 80 мыңға тарта адам қызмет етеді. 6 мыңға жуық кәсіпорын бар. Сондықтан осы салаға қандай көмек көрсететінімізді қарасақ деген өтініш бар», - деген ол Үкіметпен осы мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.

Абылай Мырзахметов қазіргі таңда кәсіпорындарды барынша сақтап қалу керектігін жеткізді. 

Еске сала кетсек бүгінгі Үкімет отырысында Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі керектігін айтқан еді. 

Ал Премьер-Министрі Асқар Мамин төтенше жағдай кезінде төлемін кешіктірген қарыз алушыларға айыппұл есептелмейтінін мәлімдеді.