13 қыр, 2022 сағат 14:41

Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға оралды - Антикор


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі халықаралық іздеуде жүрген Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласының елге қайтарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, "БТА-Банк" АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты қылмыстық іс бойынша 2011 жылдан бастап іздеуде болған "Жаңа Қалқаман" ЖШС-нің директоры Пак Виталий Леонидович өз еркімен елге оралған.

"2006-2008 жылдар аралығында аталған компанияға заңсыз несие беру арқылы Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары 8,9 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырған", - делінген хабарламада.

2019 жылы Пак ҚХР (Чэнду қ.) аумағында анықталды.

"Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, Пак Қазақстанға оралуға ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады.

Биыл 27 тамызда ҚР ІІМ Интерполдың көмегімен Пак Чэнду қаласынан Алматы қаласына келіп, тергеу изоляторына қамалды", - деп толықтырды водомство өкілі.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.