Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау еліміздегі кедейшілікке қатысты шынайы жағдайды ашып берді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері министрден: «Биыл табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 4,3 пайыз болды. 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш бар болғаны 2,9 пайыз еді. Бұл халықтың әл-ауқатының төмендегенін көрсетпей ме? Табысты әдейі жасыру статистикаға қаншалықты әсер етеді?», - деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Біржан Нұрымбетов ресми мемлекеттік статистиканың еліміздегі кедейшілік деңгейін белгілейтін тәртібі бар екенін айтты.
«Бұл статистика табысы күнкөріс шегінен төмен азаматтарды санайды. Сол статистиканың бірінші жартыжылдықтағы қорытындысына сәйкес, еліміздегі халықтың 4,3 пайызының әл-ауқаты кедейшілік шегінен төмен. Бүгінгі таңда 306 мың отбасы немесе 1 млн 600 мың адамға АӘК тағайындалды. Бұл - 9 пайыз, айырмашылық бар», - деді ол.
Министрдің айтуынша, мұндай деректің қалыптасуына азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырып, жалған ақпарат беруі де себеп болып отыр.
«Екіншіден, статистика органдары ең төменгі күнкөріс деңгейін әр өңірде бөлек санайды. Ал өткен тоғыз айда атаулы әлеуметтік көмек бүкіл Қазақстанда республикалық көрсеткіш арқылы тағайындалған. Ол жоғары. Жалпы, статистика комитетінің есебі сауалнама арқылы жасалады. 12 мыңға жуық үйден сұрап шығады да, соның негізінде жасайды. Сондықтан екі есептің арасында кішкене айырмашылық бар. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында бізге нақты адамдар келеді. Бұл еліміздегі кедейшілікке қатысты шынайы жағдайды ашып берді», - деді Біржан Нұрымбетов.