800 мыңнан астам қазақстандық Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына бере алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары бар 829 368 адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру құқығын пайдалана алады.
«Зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру құқығын ұсыну БЖЗҚ салымшыларының өздерінің жинақ ақшасын басқаруға деген мүдделілігін арттырады, қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына институционалдық сұранысты ынталандырады және жалпы алғанда экономикаға оң әсер етеді деп күтілуде», - деп атап өтеді агенттіктен.
Еске салсақ, 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.
23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды.