12 там, 2020 сағат 07:55

600-ден астам медициналық ұйым жоспарлы емдеуге жатқызуды қайта бастады

Елімізде 600-ден астам медициналық ұйым жоспарлы емдеуге жатқызуды қайта бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1 тамызынан бастап Қазақстанда жоспарлы медициналық көмек көрсету қайта жанданды. Бірінші кезекте, ауруханаға жатқызуды республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар COVID-19-мен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыспайтын қалған стационарларды кезең-кезеңімен қоса отырып жүргізе бастады», делінген хабарламада. 

10 тамызына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша елімізде медициналық сақтандыру қорының 626 медициналық ұйымы жоспарлы медициналық көмек, оның ішінде терапевтік, кардиологиялық, гастроэнтерологиялық, аллергологиялық, хирургиялық, неврологиялық, пульмонологиялық, реанимациялық, акушерлік – гинекологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді.

Ең көп медициналық ұйымдар Алматы (67), Шығыс Қазақстан (54), Алматы (50) облыстарында жұмысын қайта бастады. 

Айта кету керек, 626 медициналық ұйымның ішінде жеке клиника айтарлықтай жеткілікті.

Жоспарлы медициналық көмек қызметін жеткізушілердің толық тізімімен қордың сайтында танысуға болады. Тізім үнемі жаңартылып отырады.

«Коронавирусқа қарсы іс-шараларға қатыспайтын медициналық ұйымдар жұмысын қайта бастауға мүмкіндік алды. Әр аймақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр түрлі болатын жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастаудың жеке жоспарын жасады. Оны аймақтық штаб бағалайды», – деді қордың баспасөз қызметінің өкілі. 

Карантин шектеуіне байланысты көптеген медициналық қызметтер тоқтатылды. Енді олар қайта жанданып жоспарлы медициналық көмекті тұтыну айтарлықтай өсуі тиіс. Қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды өткізгеннен кейін медициналық ұйымдарға стационарлар ашуға рұқсат беріледі.

«Медициналық қызметтерді тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, үшінші тоқсанда ағымдағы жылға жоспарланған көлемдер орындалуы мүмкін. Мысалы, бірінші тоқсанда жоспарлы емдеуге жатқызу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80% - ға өсті. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда мамандандырылған медициналық көмек 15% – ға, медициналық оңалту 35% - ға ұлғайды. Қор өз тарапынан қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізеді», – деді баспасөз қызметіндегілер.