13 мам, 2020 сағат 10:15

6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды - Еңбек министрлігі

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 6 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 310 кәсіпорнында 7,2 мың жұмыскердің алдында жалақы бойынша 765 млн теңгеден астам қарызы бар екенін анықтады.

Аталған кәсіпорындардың жетекшілеріне орындауға міндетті 113 ұйғарым беріліп, 16,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 

Қабылданған шаралар, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 6 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалды. Оларға 700 млн теңге төленді.

Жалпы, ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында мемлекеттік еңбек инспекторлары 1,3 мың тексеру жүргізіп, 2013 ҚР еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтады және 66 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.