«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Жамбыл облысында алты адам қайтыс болған апатқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айта кетсек, бүгін Меркі ауданының Қарасу ауылында теміржол өткелінде жолаушылар пойызының Audi автокөлігімен соқтығысқаны белгілі болды.
Сағат 08:35-те Audi маркалы автокөлік жүргізушісі Жамбыл облысы Тараз-Шу учаскесінің теміржол өткеліне шығып кетіп, пойызбен соқтығысқан. Көлікте 6 адам болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі тыйым салынғаны көрсетілген белгіні елемей, жол ережесін бұзған. Осы әрекет жол апатына себеп болған», - делінген ҚТЖ хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайын аудандық ішкі істер бөлімі мамандары анықтап жатыр.
«ҚТЖ жолдарды кесіп өтпес бұрын автокөлік жүргізушісі жолдардың белгі беру құралдарының нұсқауларын мүлтіксіз сақтауы және жақындап келе жатқан теміржол құрамының жоқтығына көз жеткізуге тиіс екенін еске салады», - делінген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.