Фото: © Sputnik / Владимир Астапкович
Ұялы байланыс операторлары 5G желісінің базалық станциялары орнатылған қалаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.
"Кселл" АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбековтің айтуынша, бұған дейін 5G желісінде радиожиіліктерді сату бойынша аукцион өтті. Соның нәтижесінде әрбір компания лицензиялық міндеттеме алды.
"Осы міндеттемеге сәйкес, бес жылдың ішінде 3 мыңнан астам базалық станция орнатылуы тиіс. Биыл біз үш республикалық маңызы бар қалада 5G желісін құрамыз. Қазіргі кезде 200-ден астам базалық станция Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан және тағы басқа 10 қалада құрылған", - деді Өзбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ал "Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сергей Коньков 5G барлық облыс орталығында болатынын мәлімдеді.
"Бүгінде бізде 5G-ді қолдана алатын барлық абоненттің саны шамамен 15 процентті құрап отыр. Оларда осы желіні ұстай алатын ұялы телефон бар. Осы көрсеткіш ай сайын өсіп жатыр. Біз ол адамдардың қайда жүргенін және қай жерде көп уақыт өткізетінін көріп отырамыз. Соған қарай базалық станцияларды да орнатамыз. Қазірдің өзінде 5G бар, желінің аясы кеңейіп келеді", - деп атап көрсетті Конкьов.
Екі компания 5G қолжетімді екенін айтып отыр. Желі қай жерде қосылғанын Кселл мен Tele2-нің ресми сайттарында жарияланған картадан көруге болады.
Айта кетері, бұған дейін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылдың соңында 5G желісінде радиожиіліктерді бөлу бойынша өткізілген аукциондардың қорытындысы нарықтың монополиялық құрылымын күшейткенін хабарлады. Сол кезде "Қазақтелеком" тобы жеңімпаз деп танылып, 5G желісінде қызмет көрсету бойынша 100% монополияны алды. Оған Кселл мен Tele2 кіреді.