27 там, 2020 сағат 11:00

530 мың бала кезекші сыныпта білім алады

1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныпта білім алатын 530 мың бала кезекші сыныпта оқитын болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Бүгінгі күні дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 1 қыркүйек - әдеттегідей Білім күні. 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Өздеріңіз білетіндей, оқу жылы індетке байланысты қашықтан оқыту форматында жүргізіледі. Бұл туралы шілдеде Үкімет отырысында шешім қабылданған еді. Әрине, біз үшін ең бастысы - балалардың және ұстаздарымыздың денсаулығы, қауіпсіздігі», - деді ол. 

Осы ретте министр қашықтан оқытудың екі ерекшелігіне тоқталды. 

«Біріншісі - кезекші сыныптардың жұмысы. 1-4 сыныптарға байланысты кезекші сыныптардың жұмысы ата-аналардың дербес шешімі, өтініштері болса ұйымдастырылады. Екінші ерекшелік - бұл шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақталған мектептер. Егер осы ауылдарда эпидемиологиялық ахуал жақсы болатын болса, онда бұл білім ордалары дәстүрлі форматта жұмыс істейтін болады. Сондай мүмкіндік беріп отырмыз»,- деді министр.

Оның дерегінше, оқушылардың 80 пайызы немесе 2,6 млн бала қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының 15 пайызы немесе 530 мың баланың ата-аналары кезекші сыныпта оқытуға өтініш берген. 

«Қалған 5 пайыз балалар шағын жинақты дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны - 202 мың бала. Міне осындай форматта жұмысымызды бастаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.