© Sputnik / Абзал Калиев
Антикор шенеуніктен 50 миллион теңге бопсалаған журналист және блогер Тоқберген Әбиевтің ісіне қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында зиянды мәліметтерді тарату және өзінің Youtube-арнасында шындыққа сәйкес келмейтін бейнежазбаларды жою үшін кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деген күдікпен азамат Т. Әбиевтің қылмыстық әрекетінің жолын кескен.
Былтыр 14 желтоқсанда Әбиев 50 миллион теңгемен ұсталып, соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынған.
Одан бөлек, Әбиев мемлекеттік органдар қызметкерлері мен азаматтарды адастыру мақсатында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті" ЖШС жеке заңды тұлғасын тіркегені анықталды.
Әбиев аталған ұйым басшысы болып көрініп, сол арқылы билік өкілінің бейнесін жасай отырып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарынан өзінің жеке мүддесі үшін іс-әрекеттер жасауды, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып ақпарат пен материалдар беруді талап еткен.
"Ол тек өзіне-өзі қызмет ету себептерін көздей отырып, ақшалай сыйақылар үшін жеке тұлғаларға өз ұйымы қызметкерінің қызметтік куәліктерін беріп, оларды билік өкілінің мәртебесі туралы жаңылыстырды. Алайда Әбиевтің қызметі құқық қорғау органдарының жұмысымен ешқандай байланысты емес.
Әбиевтің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріледі" - делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Әбиевтің заңсыз қызметінің барлық осындай дерегі туралы 1424 нөмірі бойынша хабарласуды сұрайды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.