Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бүгінге дейін 216 мыңнан астам адамға 42500 теңгеден төлем тағайындалды. Төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) іске асырылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«216 922 адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалды», - деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан.
Мәлім етілгендей, 8 сәуір сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, 42500 теңгеден әлеуметтік төлем алу үшін 1 млн 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 млн 755 мың 866 өтініш түскен. Яғни 1 млн 67 мың 735 өтініш қайталанып жіберілген.
«Өтініштерді қарау мерзімінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет қана жіберуді сұраймыз», - деді қордан.
Азаматтардың жеке мәліметтерін тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі. Ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz вебсайты және Telegram-бот арқылы беруге болады.
Еске салайық, елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған келесі санаттағы азаматтар айына 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем ала алады:
–шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы (бұдан әрі – АҚС) шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға жүзеге асырылады.