Фото: egemen.kz
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Құтқарушылар күніне орай елордадағы «Құтқарушылар саябағында» орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қойып, қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алу іс-шарасына қатысты. Сонымен қатар қаза тапқан қызметкерлерді еске алу рәсімі барысында азаматтық қорғау органдарына жаңадан келген 42 қызметкер ант қабылдады, деп хабарлайды egemen.kz.
Сала мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінен бөлек, өрт сөндіру кезінде қаза тапқан құтқарушылардың туыстары, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және жиынға арнайы шақырылған қонақтар да қатысты.
Жиында сөз алған С.Шәріпханов тәуелсіздік алған кезден бастап бүгінге дейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде азаматтық қорғау органдарының 69 қызметкері қаза тапқанын, олардың барлығы өз ісіне адал болғанын атап өтті.
«Бұл өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – басқалардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын екенінің тағы бір дәлелі. Олар – заманымыздың нағыз батырлары. Олардың қызметі батылдықты, адалдықты және құрбандықты қажет етеді. Өз өміріне қауіп төндіре отырып, үнемі төтенше жағдайлардың ортасында болады, азаматтарымызды қорғау үшін отпен және түрлі апаттармен күреседі. Осы саябақтағы ескерткіш ерлік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ісіне адалдықтың материалдық байлықтан гөрі құнды екенін еске салады. Қиын сәттерде адамдар бірігіп, мүмкін емес нәрсені жасай алатынын білдіреді», - деді Төтенше жағдайлар министрі.
Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайұлы жиынға қатысып отырған барша құтқарушы қызмет саласындағы әскерилерді, жауынгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
«Кешегі жауынгер жолдастарыңызды еске алу іс-шарасын өткізіп жатқандарыңыз, қазақтың ұлы ойшылы, Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы айтқандай, ел үшін еңбек еткен адамдардың ерлігін ұмытпау, елдіктің айқын белгісі деп білемін. Қаншама азаматтарымыз жұмыс барысында өз өмірін емес, өзге жанның амандығын ойлап, қиын сәтте басын бәйгеге тігіп, артына өшпес із қалдырып кетті. Олардың ерлігін ешқашан ұмытуға болмайды. Саябақтағы қолына сәби ұстаған батыр азаматтың ескерткіші сияқты сіздер де қаншама адамдарды қиын сәтте аман алып қалып жүрсіздер. Сондықтан құтқарушы қызметі еліміз үшін, Отанымыз үшін өте маңызды мамандықтың бірі деп айта аламын», - деді Ө.Озғанбайұлы.
Ресми іс-шаралардан кейін С.Шәріпханов азаматтық қорғау органдарына жаңадан келген 42 қызметкердің ант қабылдау рәсіміне куә болды.
Елордадағы «Құтқарушылар саябағы» өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне арнап осыдан екі жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салынған еді. Құтқарушылар скверінің орталығында өрт сөндіруші түрінде жасалған ескерткіш бар, ол өзгенің өмірін құтқару үшін күн сайын өз өмірін қауіпке тігетін батырларға алғыс ретінде орнатылған. Сонымен қатар аумақта 1964 жылы шығарылған АЦ-30 МАЗ 205 раритетті арнайы өрт сөндіру машинасы орнатылған.