Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 4,2 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем тағайындалды, - деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 27 сәуірдегі жағдай бойынша төтенше жағдай кезінде кірістен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 251 мың әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 731 мың, екінші айда - 520 мың.
27 сәуірдегі жағдай бойынша «42 500 теңге» төлемге 8 млн 23 мың адам өтініш берді.
Бірегей өтініштердің ең көбі мына өңірлерде:
- Алматы облысы – 1 млн 45 мың;
- Түркістан облысы – 999,5 мың;
- Алматы қ. – 896,6 мың;
- Нұр-Сұлтан қ. – 594,5 мың;
- Шымкент қ. – 534,5 мың.
Өңірлер бойынша мына облыстардың тұрғындарына жәрдемақы тағайындалған:
- Алматы облысы – 620,5 мың;
- Түркістан облысы – 508,5 мың;
- Алматы қ. – 412,1 мың.
Келіп түскен 3 млн 672 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.
Бас тартудың негізгі себептері мынадай:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Telegram-бот арқылы беруге болады. Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексере аласыз.
Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электронды поштасына жазбаша өтініш бере алады.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.
1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.