24 қаң, 2022 сағат 22:59

4 пайыздық автонесие: 20 пайыздық алғашқы жарна жойылады


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 4 пайыздық автонесие бағдарламасын қайта жандандыруды ұсынып отыр. Бұл туралы вице-министр Марат Қарабаев «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының алдымызға қойған ең басты мәселесі автомобильдің қолжетімділігін қамтамасыз ету болды. 2015-2018 жылдар аралығында осы мақсатқа 82 млрд теңге бөлінген болатын. Револьерлік қайтарымын ескерсек, 142 млрд теңгеге дейін өскен. Осындай 4 пайыздық ұтымды бағдарлама арқылы қазақстандықтар 30 мыңдай көлік сатып алған. Қазір ол бағдарлама бойынша ақша бөлініп жатқан жоқ. Бірақ револьерлік қайтарымы әлі айналымда жүр. Оның мөлшері сұранысты қанағаттандыруға жетпейді. Біз оны мойындаймыз», - деді Марат Қарабаев. 

Осыны ескерген ведомство мынадай шара ұсынып отыр. 

«Мәселені шешудің бір жолы ретінде ӨКМ шоттарында жинақталған қаражаттың белгілі бір бөлігін халыққа 4 пайыздық автонесие ретінде беруді ұсынамыз. Яғни, ӨКМ шоттарындағы қаражат халыққа автонесие ретінде бағытталады. Тағы бір ұтымды тетік деп ойлаймын, бұрын 4 пайыздық бағдарламаға қатысу үшін 20 пайыз өз қаражатыңды салу керек болса, енді алғашқы жарнаны алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонда Қазақстанның қарапайым азаматы автосалонға келіп көлік таңдайды да, бір де бір теңге төлеместен, 4 пайызға автонеисе алады», - деді вице-министр. 

Бұған дейін 4 пайыздық несие кез келген кластағы автомобильге берілетін. Оның ішінде қымбат көліктер де осы несиемен сатып алынатын. 

«Енді біз бұл несиені нақты орта кластағы көліктерге бағыттамақшымыз. Яғни, бюджеттік автомобильдер санатын жасап, нақты бір сомадан аспауын қадағалаймыз. Ол соманы әлі талқылаймыз. Осы тетік бойынша халықтың көлік алуына ғана жол ашпай, қалалардың автобус паркін де жаңартуды ойластырып жатырмыз», - деді министрдің орынбасары.