COVID-19-бен күресуге тартылған 3 841 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды.
Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 37 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижесі негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
5 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 3 841 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 37 медицина қызметкеріне қаржы тағайындап, төледі.