28 сәу, 2021 сағат 20:30

30 жыл бұрын кітаптан ғана оқитын операцияларды жасап жүрміз – павлодарлық дәрігер


Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында Павлодар облыстық кардиология орталығының бөлімше меңгерушісі Инна Гловацкая елімізде осыдан 30 жыл бұрын кітаптан ғана оқитын операциялар жасалып жатқандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір біздің денсаулық сақтау жүйемізді, жекелеген дәрігерлердің қателігін әділ сынап жүр. Бірақ, әлемдегі бірде-бір денсаулық сақтау жүйесі мұндай ауқымдағы індетке дайын болмағандығын анық білеміз. Сонымен қатар Қазақстан бұл жағдайда өзін лайықты деңгейде көрсетіп отырғандығын да білемін. Денсаулық сақтау жүйесінде сонау қиын-қыстау 90-шы жылдардан жұмыс істей бастадым. Және де денсаулық сақтау жүйеміздегі өзгерістердің ауқымды екендігін айта аламын. Біз осыдан 30 жыл бұрын тек қана оқитын операцияларды жасап жүрміз», - деді ол. 

Сонымен қатар дәрігер індет әлі аяқталмағандығын, дәрігерлер күні-түні науқастарды емдеумен айналысып жатқандығын баса айтты. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарапынан тұрақты қолдау болғандығын атап өтті. 

«Бізде сенімділік пайда болды және Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгінде Сіз коронавируспен күрес, халықты вакцинациялау мәселесімен өзіңіз әрі тыңғылықты айналысып жатырсыз. Елім өз вакцинасын әзірлегендігін мақтан тұтамын. Ондай әлемде не бәрі 5 ел ғана бар. Осы ретте отандастарымнан сіздердің өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды құтқаруға көмектесулеріңізді, барлық сақтық іс-шараларын орындауды, вакцина алуды өтінемін», - деді Инна Гловацкая.