Бүкіл еліміз бойынша 30 мыңнан астам дәрігер үстемеақы алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысының тапсырма бойынша коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге қатысты жаңалықпен бөліскім келеді. 4 сәуірде денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдау мәселелері бойынша бұйрыққа қол қойдым. Сол күні ол Әділет министрлігінде тіркелді. Бұйрықта барлық тәуекел тобы, төлем мөлшері мен тізімді қалыптастыру тәртібі айқындалған», - деді министр.
Оның атап өтуінше, еліміздің өңірлерінде де тиісті комиссия жасақталып, медицина қызметкерлерінің аты-жөндері бойынша тізім құрылған.
«Бүгін-ақ біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы барлық өңірге медициналық ұйымдардың есепшотына қаржы аудардық. Медицина ұйымдарының басшылары 1-2 тәуекел тобындағыларға қаражат аударуды бастайды. Ал апта соңына дейін барлық қалған медицина қызметкерлеріне аударылады. Қорытындысында 30 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақы алады», - деді Елжан Біртанов.