3 мың қазақстандық ерікті COVID-19 індетіне қарсы әзірленген отандық вакцинаны сынамақ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі мәліметтер бойынша COVID-19 індетіне қарсы әзірленген отандық вакцина (QаzCovid-in) шетелдік мамандар әзірлеген вакцинадан кем түспейді. Алдағы 29 қарашада клиникалық зерттеудің 2-ші кезеңі аяқталады. Зерттеу 200 ерікті адамға жүргізіліп жатыр. Желтоқсан айында еліміз бойынша тағы 3 мың еріктіге клиникалық зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, елімізде коронавирус індетіне қарсы тағы да басқа вакцина әзірлеу жарияланды. Бірақ оған біздің қатысымыз жоқ. Біздегі мәліметтер бойынша ол вакцина шетелдік мамандардың қатысуымен әзірленуде. Сондықтанда оны 100 пайыз отандық вакцина деу қиынға соғады», - деді К. Закарья ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылыми комитетінің «GYLYM TALKS» атты онлайн жобасында.