3 миллионға жуық адамға 42 500 теңге әлеуметтік төлем төлеуден бас тартылды. Оның себептерін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз 3 миллионға жуық адамның өтінішінен бас тарттық. Осыған қатысты да сауалдар түсіп жатқандықтан түсіндіре кетейін. Біріншісі, жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпеген. 12 цифрды жаңылыспай, тиянақты түрде дұрыс көрсеткендеріңіз жөн. Себебі ЖСН-ді тексергенде сіздікі емес, басқа адамдікі болып шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай қателерді түзетіп, қайта жіберу керек. 160 мыңдай адам осындай қате жіберген», - деді министр.
Оның айтуынша, екіншіден, банктердің реквизиттеріне, есепшоттарға қатысты да көп мәселе туындап жатыр. Яғни, азаматтар өтініш берген кезде KZ деп басталатын 20 цифрды көрсету қажет.
«Кейбіреулер карталарының 16 цифрлы нөмірін көрсетеді. Біз банктегі сіздің 20 цифрлы есепшотыңызға, ал банк картаңызға аударып береді. Осы ретте сіздердің есепшоттарыңызды қалай тексеретіндігімізді түсіндіріп берейін. Өтініш келгенде банктік есепшотыңыздың 20 цифрлы ма екендігін тексереміз. 19 сан болса дұрыс емес. KZ дегеннен кейінгі сандар қай банктегі есепшот екенін көрсетеді. Егер ол жабылып қалған банк болса, онда өтініштеріңізді кері қайтарып жатырмыз. 20 саны түгел болса төлем тағайындауға жібереміз», - деді ол.
Министрдің дерегінше, дәл осы жерде тағы бір проблемалар туындап отыр.
«Төлем тағайындалғаннан кейін 1 жұмыс күнінің ішінде сіздер көрсеткен есепшотқа қаражатты аударамыз. Бірақ, осы күндері 800 мыңнан астам адамның ақша аударылған есепшотынан банк бізге кері қайтарып жіберді. Сөйтсек, сіздердің бергендеріңіз ол банктерде жабылып қалған есепшоттарыңыз екен. Содан кейін сол банктегі қолданыстағы басқа есепшоттарыңызға аударып бердік. Мұнан бөлек, 70 мың адамның ол банкте 20 цифрлы есепшоты болмай шықты. Сондықтан сіздерге «басқа, дұрыс банк есепшотын көрсетіңіздер» деген СМС жіберіледі», - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, министр үшіншіден мемлекеттік қызметшілердің, жабылмаған мекемелердің қызметкерлерінің өтініштері кері қайтарылып жатқандығын айтты.
«Мемлекеттік органдарға, ұйымдарға 42 500 теңгенің қатысы жоқ. Себебі олардың жұмыстары шектелген жоқ. Олар қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің өтініш төлеу, бірыңғай жиынтық төлем төлеуі қажет емес. Тіпті, мемлекеттік қызметкерге БЖТ төлеуге болмайды. Себебі БЖТ төлеген адам кәсіпкерлікпен айналысатындығын білдіреді. Ал мемлекеттік қызметкерге кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды», - деді Еңбек министрі.
Оның атап өтуінше, зейнеткерлер мен мүгедектердің де өтініштері кері қайтарылып жатыр. Жалпы, бұл санаттағы адамдар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеп, әлеуметтік төлемдер аударылса, ал қазір табысынан айырылса ғана 42 500 теңге беріледі.
«Төртіншіден, өтініші кері қайтарылған 1 миллионнан астам адамның соңғы 12 айда Мемлекеттік сақтандыру қорына әлеуметтік төлемдері төленбеген. Мұндай төлем негізгі шарт болғаннан кейін өтініштерді кері қайтаруға мәжбүрміз. Соңғысы қайтыс болып кеткен адамдардың немесе шетелге көшіп кетіп, сол жақта тұрып жатқан адамдардың атынан да өтініш беріліп жатыр», - деді ол.